«Бастау Бизнес» – халыққа кәсіп ашуға көмектесетін іргелі жобалардың бірі. Ниеттенген кез келген адам бір айлық бизнес-курстан өтіп, жобаның мүмкіндіктерін пайдалана алады. Осында білімін жетілдірген Қызылжар ауданының тұрғыны Ольга Комарованың қазір жеке шаштаразы бар.
«Кәсіп жүргізудің қыр-сырын үйренгеннен кейін комиссия алдында бизнес-жоспарымды сәтті қорғап шықтым. Ұтып алған 240 мың теңге грантқа қондырғылар мен жиһаз сатып алдым. Курста танысқан екі келіншекпен бірігіп ғимарат жалдап, жұмыс істеп жатырмыз», дейді жас кәсіпкер.
Даярлық курсынан өткен Диана Омарова– маникюр жасаудың шебері. Ол да мемлекеттік грантқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Бүгінде қыз-келіншектердің тырнақтарын әдемілеп, қастарын түзеумен айналысады. Ол қызмет көрсетумен ғана шектелмей, маникюр мектебін де ашып алған. Бір апталық сабақтар аясында тырнақ әрлеудің әліппесін үйретеді. Арнайы сертификат алғандардың арасында жұмысқа орналасып кеткендері баршылық. Шаштаразбен көршілес бөлмеде ескі жастықтардың мамығын тазалайтын шағын цех та «Бастау Бизнес»-тің арқасында ашылған.
Өткен жылы Қызылжар ауданының 181 тұрғыны жоба курстарынан өтіп, 20-сы шағын несие алса, 76-сы қайтарымсыз грантқа қол жеткізген.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Александр Бердниченконың айтуынша «Бастау Бизнес» жобасына қатысушылардың 363 -і ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан несие алған. 551 адам грантқа қол жеткізген. Олардың 97 проценті аудандарда тұрады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы